Бұл зерттеуде жеңіл көмірсутек фракциялары мен синтетикалық сұйық отындардың шығымын арттыру мақсатында Беке мұнайлы құмдарынан алынған табиғи битумды каталитикалық крекингтеу процесі зерттелді. Каталитикалық крекинг тәжірибелері 450 °C температурада стационарлық жағдайда реакторларда жүргізілді. Катализатор ретінде жоғары адсорбциялық сыйымдылығымен, ионалмасу қасиеттерімен және каталитикалық белсенділігімен ерекшеленетін Тайжүзген кен орнының табиғи цеолиті пайдаланылды. Қолданар алдында цеолиттің беттік қышқылдық қасиеттері мен каталитикалық белсенділігін арттыру мақсатында оған қышқылдық өңдеу және термиялық активтендіру жүргізілді. Крекинг процесінің материалдық балансы, сондай-ақ алынған өнімдердің топтық және фракциялық құрамы талданды. Зерттеу нәтижелері табиғи цеолитті қолдану крекинг процесінің тиімділігін айтарлықтай арттыратынын, сұйық өнімдердің шығымын көбейтіп, кокс түзілуін төмендететінін көрсетті. Катализатор қолданылмаған жағдайда сұйық көмірсутектердің шығымы 67,7 масс.% болса, табиғи цеолит қатысында бұл көрсеткіш 79,9 масс.%-ға дейін өсті. Сонымен қатар, каталитикалық процесс жеңіл фракциялардың түзілуін күшейтіп, ауыр қалдықтардың мөлшерін азайтты. Алынған нәтижелер табиғи цеолит катализаторларының ауыр көмірсутек шикізатын терең өңдеуде және отандық мұнайлы құмдардың табиғи битумынан құнды сұйық отындар өндіруде жоғары әлеуетке ие екенін дәлелдейді.
Тіл
Ағылшын
Дәйексөзді қалай келтіруге болады

