ЖАРИЯЛАНЫМ ЭТИКАСЫ
«ABAI CHEMICAL SCIENCES» ғылыми журналының жарияланымдық әдебі ғылыми материалдарды дайындау және жариялау процесіне қатысушылардың барлығының: бас редактордың, баспагердің, авторлардың немесе авторлар ұжымының, рецензенттердің және басқа да уәкілетті тұлғалардың өзара іс-қимылын реттейтін кәсіби нормалар мен ережелердің жиынтығы болып табылады.
Журналдың редакция алқасы жарияланымдық әдептің халықаралық деңгейде танылған қағидаттарын, соның ішінде Жарияланымдар әдебі жөніндегі комитеттің (Committee on Publication Ethics – COPE) ұсынымдарын басшылыққа алады, сондай-ақ жетекші шетелдік ғылыми басылымдар мен баспалардың практикалық тәжірибесін ескереді.
Жарияланымдық әдеп редакциялық-баспа процесіне қатысушылардың барлығының: бас редактордың, баспагердің, авторлардың, рецензенттердің және басқа да жауапты тұлғалардың кәсіби және әдептілік мінез-құлқының негізгі нормаларын, қағидаттары мен стандарттарын айқындайды. Бұдан бөлек, ол мүдделер қақтығысын, жосықсыз мінез-құлық жағдайларын болдырмау және анықтау тетіктерін, сондай-ақ жарияланған материалдарға түзетулер енгізу, оларды кері қайтарып алу (ретракция) және теріске шығару рәсімдерін қарастырады.
Редакциялық-баспа процесінің барлық қатысушылары журналмен ынтымақтастық басталған сәттен бастап мазмұндалған әдеп қағидаттарын қабылдайды және сақтайды.
Бас редактордың жауапкершілігі
Бас редактор баспагер мен редакция алқасының қызметіне Қазақстан Республикасының заңнамасына, сондай-ақ «Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті» КЕАҚ Жарғысына және басқа да ішкі нормативтік құжаттарына сәйкес жалпы басшылықты жүзеге асырады.
Бас редактор өзінің кәсіби қызметінде келесі қағидаттар мен міндеттерді басшылыққа алады:
- журнал редакциясына келіп түскен қолжазбаларды жариялау туралы шешім қабылдайды;
- материалдарды қарау және жариялау туралы шешім қабылдау кезінде редакция алқасының мүшелерімен және рецензенттермен өзара іс-қимыл жасайды;
- ұсынылған қолжазбалар туралы мәліметтердің құпиялылығын қамтамасыз етеді және мақаланы қарау процесіне қатысатын рецензенттер мен редакция алқасының мүшелерін қоспағанда, үшінші тұлғаларға ақпарат бермейді;
- редакциялық-баспа процесінің адалдық, объективтілік және ашықтық қағидаттарының сақталуын бақылайды;
- журналдың редакциялық және жарияланымдық процесінің тұтастығын, сапасын және беделін сақтауды қамтамасыз етеді.
Баспагердің жауапкершілігі
Баспагер заңдылық, объективтілік, құпиялылық және жарияланымдық әдеп нормаларын сақтау қағидаттарын басшылыққа ала отырып, авторлық материалдарды жариялау процесін ұйымдастыруға және қамтамасыз етуге жауапты болады.
Өз қызметінде баспагер міндетті:
- қолжазбаларды жариялау туралы шешімді олардың белгіленген рәсімдеу талаптарына сәйкестігін тексеру, мәтіннен өзге туындылардан алынған үзінділердің (плагиаттың) бар-жоғын тексеру нәтижелері, сондай-ақ рецензиялау қорытындылары негізінде қабылдауға;
- авторлар немесе авторлар ұжымы ұсынған қолжазбалардың құпиялылығын қамтамасыз етуге және олар туралы мәліметтерді ресми жарияланғанға дейін жария етпеуге;
- Авторларға арналған ережелерде белгіленген талаптарға сәйкес келмеген жағдайда қолжазбаларды қабылдаудан бас тартуға немесе оларды авторларға пысықтауға (толықтыруға) жіберуге;
- мазмұндық, грамматикалық немесе стилистикалық қателер анықталған кезде авторлармен келісе отырып, түзетулер енгізу немесе қолжазбаны жарияланымнан алып тастау процесін бастауға, не бұл жұмысты редакция алқасының мүшесіне тапсыруға;
- қолжазба мәтініне енгізілетін редакциялық және корректорлық өзгерістерді авторлармен келісуге;
- жариялау туралы шешім қабылданғаннан кейін мақаланың ашық қолжетімділікте орналастырылуын қамтамасыз етуге, бұл ретте авторлық құқықтар авторларда немесе авторлар ұжымында сақталады;
- жарияланған материалдардың мазмұны үшін жауапты болмауға, ұсынылған мәліметтердің дұрыстығы үшін жауапкершілік авторларға жүктеледі;
- журналдың кезекті нөмірлерінің уақтылы шығуын қамтамасыз етуге;
- редакцияға жарияланымдық әдеп нормаларының бұзылуына байланысты өтініштер мен шағымдарды қарауға жәрдемдесуге, сондай-ақ осы мәселелер бойынша басқа ғылыми журналдармен және баспагерлермен өзара іс-қимыл жасауға.
- әдепсіз мінез-құлық белгілері бар материалдарды, соның ішінде плагиат, өзін-өзі плагиаттау (самоплагиат), негізсіз өзінен дәйексөз алу (самоцитирование), деректерді бұрмалау (фальсификация) және мүдделер қақтығысын жасыру жағдайлары қамтылған материалдарды жариялағаны үшін жауапты болады. Жарияланымдық әдептің бұзылуы анықталған жағдайда, бас редактор редакция алқасының шешімі негізінде мақаланы кері қайтарып алу (ретракция) рәсімін бастайды. Оған келесілер негіз болады: плагиат және заңсыз үзінді алу, қайталанбалы (дубликат) жарияланымдар, деректерді бұрмалау немесе қолдан жасау (фабрикация), қорытындылардың нақтылығына әсер ететін елеулі қателер, авторлық және авторлық құқықтардың бұзылуы, жария етілмеген мүдделер қақтығысы, рецензиялау рәсімінің бұзылуы, журналдың редакциялық саясатына сәйкес келмеуі. Ретракция туралы шешімді редакция алқасы жарияланымдық әдептің халықаралық стандарттарына сәйкес қабылдайды.
Авторлардың / авторлар ұжымының жауапкершілігі
Журналға қолжазба жіберетін авторлар ұсынылған зерттеу нәтижелерінің ғылыми жаңалығы, шынайылығы мен дұрыстығы үшін дербес жауапты болады, сондай-ақ жарияланымдық әдеп нормаларын сақтауға міндеттенеді.
Авторлар және авторлар ұжымы міндетті:
- ұсынылған қолжазбаның түпнұсқа (оригинал) екендігіне, бұрын жарияланбағанына және басқа басылымның қарауында тұрмағанына кепілдік беруге, сондай-ақ ұсынылған материалдың мазмұнына толық жауап беруге. Мәтіннің бірегейлік (оригинальность) деңгейі Авторларға арналған ережелерде белгіленген талаптарға сәйкес келуі тиіс;
- зерттеу мазмұнына айтарлықтай әсер еткен жарияланымдарды көрсетуге. Басқа авторлардың нәтижелерін, идеяларын немесе дәйексөздерін пайдаланған кезде библиографиялық сілтемелерді редакциялық талаптарға сәйкес рәсімдеу міндетті. Сенімсіз немесе күмәнді көздерден алынған ақпаратты пайдалануға жол берілмейді;
- қолжазбаның журналдың тақырыптық бағытына сәйкес келуін қамтамасыз етуге және бұрмаланған, қолдан жасалған немесе заңсыз иемденілген зерттеу нәтижелерінің болуын болдырмауға;
- рецензенттердің, бас редактордың немесе редакция алқасы мүшелерінің сұратуы бойынша зерттеу нәтижелерінің шынайылығын растайтын қосымша материалдар мен деректерді ұсынуға;
- редакцияға мұқият дайындалған, өңделген және белгіленген талаптарға сай рәсімделген мәтінді жіберуге;
- жарияланымдардың қайталануына жол бермеуге. Егер қолжазбаның жекелеген ережелері бұрын жарияланған болса, авторлар алдыңғы еңбектерге сілтеме жасауға және жаңа жарияланымның айырмашылықтарын нақты көрсетуге міндетті;
- журналға бір мезгілде басқа басылымдардың қарауында жатқан қолжазбаларды, сондай-ақ бұрын жарияланып қойған материалдарды жібермеуге;
- қолжазбаны дайындауға ең көп үлес қосқан авторды хат-хабар алмасуға арналған автор (corresponding author) ретінде анықтауға немесе оны қосалқы авторлар тізімінде бірінші болып көрсетуге;
- әрбір қолжазба үшін хат-хабар алмасуға арналған авторды тағайындауға;
- әрбір қосалқы автордың зерттеу тұжырымдамасын әзірлеуге, жұмысты дайындауға, орындауға немесе нәтижелерін түсіндіруге қосқан үлесін объективті түрде анықтауға. Жұмысқа елеулі үлес қосқан тұлғалардың барлығы қосалқы авторлар қатарында көрсетілуі, қолжазбаның соңғы нұсқасын мақұлдауы және оны жариялауға ұсынумен келісуі тиіс;
- авторлар құрамына өзгерістер енгізуді (авторларды қосу, шығару немесе олардың көрсетілу ретін өзгерту) қолжазба жариялауға қабылданғанға дейін ғана жүзеге асыруға. Хат-хабар алмасуға арналған автор өзгерістердің негіздемесін және барлық қосалқы авторлардың жазбаша келісімін ұсынуға міндетті. Өзгерістерге баспагермен келісілгеннен кейін ғана жол беріледі;
- қолжазба мазмұнының ұлттық қауіпсіздік мүдделеріне, соның ішінде саяси, экономикалық, демографиялық, ақпараттық және басқа да аспектілерге нұқсан келтірмейтіндігіне кепілдік беруге;
- зерттеуді қаржыландыру көздері туралы, сондай-ақ демеушілердің жұмысты дайындаудағы, деректерді жинаудағы және нәтижелерді талдаудағы рөлі туралы мәліметтерді ашуға;
- елеулі қателер немесе дәлсіздіктер анықталған жағдайда түзетулер енгізу немесе қолжазбаны жарияланымнан алып тастау қажет болғанда редакция алқасымен өзара іс-қимыл жасауға;
- жарияланым процесінің кез келген кезеңінде анықталған қателер туралы редакцияны дереу хабардар етуге және оларды түзетуге жәрдемдесуге. Елеулі бұзушылықтарды жою мүмкін болмаған жағдайда авторлар қолжазбаны кері қайтарып алуға міндетті;
- егер редакциялық түзетулер мақаланың ғылыми мазмұны мен негізгі тұжырымдарын бұрмаламаса, олармен келісуге;
- қосалқы авторлар саны бойынша белгіленген шектеуді сақтауға – бір қолжазбада бес адамнан аспауы тиіс;
- ғылыми сын, редакциямен, рецензенттермен өзара іс-қимыл жасау кезінде және жарияланым процесі барысында әдеп нормаларын ұстануға. Жарияланымдық әдеп нормаларын бұзу елеулі құқық бұзушылық ретінде қарастырылады және қолжазбаны рецензиялаудан алып тастауға немесе жариялаудан бас тартуға негіз болуы мүмкін.
Рецензенттердің жауапкершілігі
Рецензент журналға келіп түсетін авторлық материалдарға ғылыми сараптама жүргізеді және жарияланымдық әдеп қағидаттарын сақтай отырып, өзінің бағалауының объективтілігін, тәуелсіздігін және кәсіби дұрыстығын қамтамасыз етуге міндетті.
Рецензиялау процесінде рецензент келесі ережелерді ұстануы тиіс:
- қолжазбаға қол жеткізуге және оны талқылауға тек журналдың бас редакторы ресми түрде уәкілеттік берген тұлғаларға ғана жол беріледі;
- қолжазба құпия құжат ретінде қарастырылады және редакцияның тиісті рұқсаты жоқ үшінші тұлғаларға берілмейді, сондай-ақ жеке немесе басқа да әдепсіз мақсаттарда пайдаланылмайды;
- авторды немесе авторлар ұжымын жеке бағалауға және сынауға жол берілмейді; рецензиялау тек ғылыми жұмыстың мазмұнына ғана бағытталуы тиіс;
- рецензиялау барысында алынған ақпаратты, деректерді және идеяларды рецензент жеке басының пайдасы үшін немесе үшінші тұлғалардың мүддесінде пайдалана алмайды;
- рецензент зерттеу нәтижелеріне объективті, уәжді және кәсіби тұрғыдан негізделген баға беруге, сондай-ақ редакция белгілеген нысанда қолжазбаны жақсарту бойынша нақты ұсынымдар беруге міндетті;
- тақырыптың өзектілігін, ғылыми жаңалығын, құрылымын, әдістемесін және материалдың баяндалу сапасын бағалау қажет; барлық ескертулер рецензия түрінде рәсімделеді және журнал порталына қолжазбаның түпнұсқа тілінде жүктеледі;
- рецензия қолжазба алынған сәттен бастап бір айдан кешіктірілмей редакцияға ұсынылуы тиіс;
- қолжазбаны бағалау кезінде автордың жеке сипаттамаларын, соның ішінде ұлтын, діни сенімін, саяси көзқарасын немесе ғылымға қатысы жоқ басқа да факторларды ескеруге жол берілмейді;
- сараптамалық қорытынды редакциялық шешім қабылдауға ықпал етуі тиіс және сонымен бірге авторларға жұмысты жетілдіруге көмектесуі керек;
- егер рецензенттің қолжазбаны бағалау үшін құзыреті жеткіліксіз болса немесе жұмысты белгіленген мерзімде орындай алмаса, ол үш жұмыс күні ішінде редакцияға хабарлап, рецензиялаудан бас тартуға міндетті;
- қолжазбаны жариялау, пысықтау немесе қабылдамау туралы түпкілікті шешімді рецензиялар негізінде редакция алқасы қабылдайды;
- плагиатқа, заңсыз үзінді алуға, деректерді бұрмалауға немесе жарияланымдық әдептің басқа да бұзылуларына негізді күдіктер туындаған жағдайда рецензент бұл туралы бас редакторға дереу хабарлауға және мұндай материалдардың жариялануына жол бермеуге міндетті.
Осылайша, рецензенттердің қызметі ғылыми адалдықты, жарияланымдардың сапасын қамтамасыз етуге және журналдың әдеп стандарттарын сақтауға бағытталған.
Әдепсіз мінез-құлық
Бас редактордың, баспагердің, авторлардың (авторлар ұжымының) және рецензенттердің ғылыми және жарияланымдық әдеп қағидаттарына қайшы келетін және белгіленген редакциялық стандарттарды бұзатын іс-әрекеттері әдепсіз мінез-құлық деп танылады.
Әдепсіз мінез-құлыққа, соның ішінде мыналар жатады:
- жеке мүдделілік болған кезде қолжазбаға рецензия жүргізу, соның ішінде рецензент ұсынылған жұмыстың авторы немесе қосалқы авторы болған жағдайлар;
- объективті ғылыми бағалауды бұрмалайтын жосықсыз, үстірт немесе уағдаластық бойынша рецензиялауды жүзеге асыру;
- жалған авторлықты немесе қосалқы авторлықты көрсету;
- ғылыми зерттеу нәтижелерін бұрмалау, қолдан жасау (фабрикация) немесе өзге де түрде өзгерту;
- жалған, псевдоғылыми немесе көрінеу қате материалдарды ұсыну және жариялау;
- автордың немесе авторлар ұжымының келісімінсіз қолжазбаны немесе оның бөліктерін басқа басылымдарға беру;
- құқық иеленушілердің рұқсатынсыз қолжазба материалдарын үшінші тұлғалардың жария етуі, беруі немесе пайдалануы;
- редакциялық-баспа процесінің құпиялылық қағидаттарын бұзу;
- дәйексөздермен манипуляция жасау, соның ішінде сілтемелерді жасанды түрде көбейту, бұрмалау немесе заңсыз пайдалану;
- плагиаттың кез келген түрлері, соның ішінде мәтіндерді, идеяларды, нәтижелерді, графикалық материалдарды тиісті түрде рәсімдеусіз иемдену.
Аталған іс-әрекеттерді жасау жарияланымдық әдепті бұзу ретінде қарастырылады және журнал саясатында көзделген редакциялық шараларды қолдануға әкеп соғады.
Үзінді алу және плагиат
Журналдың редакция алқасы келіп түсетін барлық қолжазбаларды лицензияланған антиплагиат жүйелерін пайдалана отырып, өзге туындылардан алынған үзінділердің бар-жоғына міндетті түрде тексереді.
Рецензиялау рәсіміне бірегейлік деңгейі кемінде 75%-ды құрайтын түпнұсқа қолжазбалар ғана жіберіледі.
Журналдың белгіленген талаптарына сәйкес келмейтін немесе дұрыс емес үзінділері бар материалдар анықталған кемшіліктерді міндетті түрде жою үшін авторларға пысықтауға қайтарылады.
Авторлар барлық үзінділерді, дәйексөздерді және пайдаланылған дереккөздерге сілтемелерді редакциялық стандарттарға сәйкес дұрыс рәсімдеуге жауапты болады.
Жарияланым процесінің барлық қатысушылары жарияланымдық әдептің халықаралық нормаларын сақтауға және жосықсыз тәжірибелерді, соның ішінде плагиатты, деректерді қолдан жасауды, бұрмалауды және ғылыми зерттеулер нәтижелерін өзгертуді болдырмауға міндетті.
Жасанды интеллектіні пайдалану
Журнал редакциясы заманауи цифрлық технологияларды енгізудің маңыздылығын мойндайды және ғылыми материалдарды дайындау кезінде генеративті ЖИ құралдары мен үлкен тілдік модельдерді қолдануға рұқсат береді. ЖИ-ді пайдалануға рұқсат етіледі және ол мәтінді техникалық редакциялау, стилистиканы жақсарту, аудару немесе түзету үшін тек қосымша құрал ретінде ғана қарастырылады, бірақ дербес зерттеу мен авторлық қызметті алмастырмауы тиіс. Авторлар қолжазбалардағы ЖИ-контенттің егжей-тегжейлі шарттарымен, критерийлерімен, шектеулерімен және рұқсат етілген пайыздық мөлшерлерімен журналдың арнайы регламентінен таныса алады. Толық ережелерді «Жасанды интеллектіні пайдалану» бөлімінен қараңыз.
Ғылыми жарияланымдар этикасының стандарттарына сәйкес, ЖИ құралдары мақалалардың авторы немесе қосалқы авторы ретінде көрсетіле алмайды, ал материалдың бірегейлігі мен шынайылығы үшін барлық жауапкершілік тек авторларға жүктеледі.
Мүдделер қақтығысы саясаты
Жарияланымдар әдебі жөніндегі комитеттің (COPE) қағидаттарына сәйкес, мүдделер қақтығысы авторларда, рецензенттерде немесе редакция алқасы мүшелерінде қолжазбаны бағалаудың объективтілігіне және редакциялық шешімдер қабылдауға әсер етуі мүмкін қаржылық, жеке немесе кәсіби байланыстар болған жағдайларда туындайды.
Жарияланым процесінің барлық қатысушылары ықтимал немесе нақты мүдделер қақтығысын уақтылы жария етуге міндетті. Редакторлар мен рецензенттер мұндай қақтығысты анықтаған кезде тиісті қолжазбаны қарауға қатысудан бас тартуы тиіс.
Авторлар редакцияға материалдарды тапсыру кезінде зерттеуді қаржыландыру көздерін көрсетуге және ықтимал мүдделер қақтығысы туралы хабарлауға міндетті. Қажет болған жағдайда олар ілеспе хатта ұсынылған жұмысқа объективті баға беруге қауқарсыз болуы мүмкін тұлғаларды белгілей алады.
Мүдделер қақтығысының анықталуы қолжазбадан автоматты түрде бас тартуға негіз болмайды, алайда мұндай ақпарат тиісті шаралар қабылдау үшін редакцияның назарына дереу жеткізілуі тиіс.
Редакция алқасының мүшелері ұсынылған қолжазбалардың авторлары ретінде әрекет еткен жағдайларда, олар редакциялық процестің барлық кезеңдерінен, соның ішінде рецензенттерді тағайындаудан, рецензиялауды ұйымдастырудан және жариялау туралы соңғы шешімді қабылдаудан толықтай шеттетіледі. Мұндай материалдарды қарауды редакция алқасының басқа мүшелері немесе шақырылған тәуелсіз редакторлар жүзеге асырады, бұл объективтілікті, ашықтықты және халықаралық баспа стандарттарының сақталуын қамтамасыз етеді.
